ҚАСЫМ ХАНМЕН ҚЫМЫЗ ІШУ
Кортес ацтектердің ғажайып қаласын қалай бағындыру туралы ойлана тұрсын. Біз асханаға сәл аялдап өтейік. Қазақтар жайлауда жатып, бие байлатып, саумал қымыз ішіп жатқанда Бавария патшасы IV Вильгельм сыра (пиво) туралы заңға қол қойды. Бұл заң немістің таза сырасы деген атпен тарихта қалды. Ойлап қараңыз Қасым хан кезінің өзінде немістік таза сыра бренд ретінде қалыптасты. Король сарайында графтар, маркиздер шыны соғыстырып, сыра ішіп жатқанда біздің бабаларымыз тостақтағы бал қымызды сіміріп, рахатқа батты. Екі жұрт өз сусындарын мақтан тұтты және «үздік екендігіне» ешқашан күмәнданған емес. Әркімнің өз шындығы болады десек те ақиқат адамзатқа ортақ дүние. Мұнан аттап кетуге болмайды. Мүмкін сіз мені өз жұртын дәріптеп бос мақтанға салынды деп сөгетін боларсыз. Онда ақиқаттың жігін ашу үшін медицина тілімен сөйлейік.
Сыра есте сақтау мен зейінді нашарлатса, қымыз керісінше ойлау қабілетін жоғарылатып, сергек жүруге көмектеседі. Сыра ішкен адам бауыр гепатитіне ұшырап,жүрегінің жұмысы бұзылса қымыз жүрек жұмысын жақсартып, жүйке жүйесін қалпына келтіреді. Сыра бүйрек тамырларын зақымдап, ерлердің жыныстық қабілетін төмендетсе, қымыз әйелдерді бедеуліктен, ерлерді белсіздіктен қорғайды. Қымыз құрт ауруларының алдын алады, ауырған адамның қайта қалпына келуіне ықпал етеді. Саумал қымыз ем ретінде буын ауруларын, созылмалы сары ауру (гепатит), ұйқысыздық, ішектегі жара (гастрит) сияқты аурулардың бірден-бір емі. Сыра ішкен адамның тәбеті шектен тыс ашылып, мұның соңы ас қорыту мен асқазан жұмысын бұзса, қымыз ішкен адамның тәбеті жақсарып, ас қорыту жүйесі еселеп артады. Сол себепті қымыз күні кешеге дейін далалық фармацевтикада нөмірі бірінші препарат ретінде қолданылып келді. Қасым өзінің құрметті қонағы Саид ханға қымыз ұсынуы да бекер емес. Ал айранның арқасында ауруынан айыққан Англия патшасы Арыстан жүректі Ричардтың жайы оқырманыма белгілі.
(с) Р. Рамазанұлы,
"СОҒЫС: БИЛІК ҮШІН КҮРЕСТІҢ БҮКІЛӘЛЕМДІК ТАРИХЫ"